Бүгін жол жөнекей метродан мына бір жақсы жарнаманы көрдім.
Аудармасы: “Өзіңізде тұрса, ескі-құсқы, ал біреуге берсеңіз, таптырмас қазына.”
“Сіз пайдаланбайтын нәрселер басқа біреу үшін бағалы затқа айналып, қайта жаңғырады”.
Seoul Metro^^Ewha Women University station
Негізі бұл жарнама “Әдемі дүкен” атты дүкеннің жарнамасы. Бір сөзбен айтқанда біздегі “Second hand”. Пайдаланылған заттарды өте арзан бағаға сатады.
“Біреудің қаңсығын, таңсық көріп” деп мұрныңызды тыржитып жүрмеңіз
. Менің айтайын дегенім бұл емес.
Ол дүкеннің өзіндік артықшылықтары бар:
- мұнда Америкадан әкелмейді.
- адамдар өзіне артық, қажетсіз деп тапқан заттарын әкеп, осы дүкенге тегін өткізеді;
- ұйымдастырушылар мұны өте арзан бағаға сатады;
- одан түскен ақшаны қоғамдық жұмыстарға, халықтың игілігіне жұмсайды
Жалпы адамдар апарып, өз заттарын ол дүкенге өткізсін, өткізбесін, мынадай жарнама көп адамға ой салары анық.
Кореяда жарнамалардың бірнеше түрі бар. Соның ішінде мұндай жарнамаларды 공익광고 (public service), яғни қоғамның игілігі үшін жасалған жарнама деп атайды. Бұларды әдетте ірі кәсіпорындар немесе ұйымдар қоғамның пайдасы үшін жасайды.
Бізде де мұндай жарнамалар болса, жақсы болар еді. Мұндай жарнамалар адамдардың ойы, өмірге деген көз қарасының өзгеруіне себепші болады. Сол арқылы қоғамдық жүйе өзгереді. Сондай-ақ енді ғана ес кіріп, етек жиып келе жатқан балғын балалардың тәрбиесіне де үлкен әсері болары сөзсіз. Балалар кішкене кезінен көріп, түйсініп өссе…
(Ал біз баланы қалай тәрбиелейміз? “Қазір тамағыңды анау ішіп қояды, тез іш”. “Көршінің баласы алып қояды, ойыншығыңды жина” деп тәрбиелейміз.
Астағфируллаһ)
Әрқайсымызда артық, қажетсіз, бірақ іске жарайтын заттарымыз болуымыз мүмкін. Оларды шаң қаптырып қойып қойғаннан басқа мұқтаж адамға бергеніміз дұрыс.
Бұл туралы да Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадистерін былай деп айтып кеткен екен:
- Хазреті Әбу Сайд: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бізге: «Кімнің артық мініс көлігі болса, көлігі болмағанға берсін. Кімнің артық азығы болса, азығы болмағанға берсін», – деп қайта-қайта қадап айтқаны сонша, біз адамның зәру заттарынан басқасына хақысы жоқ екен деп ойладық», – дейді.
- Хазреті Әбу Умама (р.а.) пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай риуаят етеді: «Әй, адам баласы, жаныңдағы артық болғанын жұмса. Бұл сен үшін қайырлы. Ол заттарды сақтап қоюың сен үшін зарарлы. Зәрулік заттар үшін айып жоқ. Бергенде жанұяңа жақын жандардан баста. Үстіңгі қол астыңғы қолдан, яғни берген қол алған қолдан қайырлы».
Мұндайды көріп тұрып, ойланбау, амал етпеу – біздің иманымызға сын.










































